Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада салтанатты жиын өткізіп, энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ, ол электр қуаты қауіпсіздік мәселесі екенін атап өтіп, оны басқа елдерден сатып алмау керектігін тілге тиек етті.
«Түптеп келгенде, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұдан бөлек, еліміздің зор энергетикалық мүмкіндігін тиімді қолдану қажет. Мысалы, Қазақстан – көмірге бай ел. Жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Осы стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдаланған жөн», – деді.
Тоқаев «таза көмір» технологиясына тезірек көшу керек деген тапсырмасын орындау тым созылып кеткенін айтып, ескерту жасады.
«Біз заманауи үлгідегі «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз керек. Сол арқылы көмір станцияларының тиімділігін арттыра түсеміз. Бұдан бөлек, Курчатов қаласында жылу электр станциясын, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу қажет. Осы нысандардың барлығына «таза көмір» технологиясын енгізу керек. Шындығын айтсақ, бұл жобалардың жүзеге асуы әбден созылып кетті. Енді ары қарай күтуге болмайды, – деді президент.





