Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Түркия Ресейден мұнай импортын қысқартты

Түркия Ресейден мұнай импортын қысқартты

АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбританияның Ресейге қарсы жаңа санкцияларынан кейін Түркияның мұнай өңдеу зауыттары ресейлік мұнайдан бас тарта бастады.

Бұл туралы Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Әзербайжанның SOCAR компаниясына тиесілі SOCAR Turkey Aegean Refinery желтоқсан айында Ирак, Қазақстан және басқа да ресейлік емес өндірушілерден төрт партия мұнай сатып алған. Бұл зауыт – Түркиядағы ең ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі.

Сонымен қатар, елдің тағы бір ірі компаниясы Tupras та Ресейден тыс мемлекеттерден мұнай сатып алу көлемін арттырған. Агенттік дерегінше, компанияның иелігіндегі екі зауыттың бірі жақын уақытта ресейлік мұнайдан толықтай бас тартуы мүмкін. Tupras биыл алғаш рет Бразилиядан мұнай сатып алып, қараша айының басында Анголадан Mostarda маркалы мұнайдың екінші партиясын қабылдауға дайындалып отыр.

Қазіргі таңда Түркия  Ресей мұнайын импорттайтын санаулы ірі нарықтардың бірі болып қалып отыр. Бұған дейін елге жеткізілетін мұнайдың шамамен 47 пайызы, яғни тәулігіне 317 мың баррель, Ресейден келген.

Еске сала кетейік, қазан айында Батыс елдері Ресейдің ірі энергетикалық компанияларына қарсы жаңа санкциялар енгізді. 15 қазанда Ұлыбритания, ал 23 қазанда АҚШ «Лукойл» және «Роснефть» компанияларын шектеу тізіміне қосқан.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім Түркияның мұнай импорты құрылымын қайта қарауға және энергия жеткізу көздерін әртараптандыруға итермелеген.

Ұқсас материалдар