Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

ТШО: компания қызметкерлерінің 96%-ы – қазақстандықтар

ТШО: компания қызметкерлерінің 96%-ы – қазақстандықтар

Теңізшевройл бас директоры Билли Лакоби Мәжілісте өткен тақырыптық отырыста компанияның кадрлық саясаты мен қазақстандық қамту көрсеткіштері туралы баяндады.

Оның айтуынша, 2026 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша компания қызметкерлерінің 96%-ын қазақстандықтар құрайды. Ал басшылық құрам мен супервайзерлер арасындағы жергілікті мамандардың үлесі 89%-ға жеткен.

Соңғы алты жылда 670-тен астам қазақстандық маман негізгі басқарушылық және техникалық қызметтерде шетелдік қызметкерлердің орнын басқан. Сонымен қатар 1999 жылдан бері 500-ден астам қызметкер халықаралық және ішкі тағайындауларға жіберілген.

Компания дерегінше, 2000 жылдан бері қызметкерлерді оқыту мен дамытуға 137 млн доллардан астам қаражат жұмсалған. Бұл бір қызметкерге шаққанда жылына орта есеппен 2 мың доллардан астам инвестицияны құрайды.

Әлеуметтік инвестициялар аясында Атырау облысында «Игілік» бағдарламасы арқылы 120-дан астам инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылған.

Мәжілістегі отырыста қазақстандық қамту көрсеткіштері де жария етілді. 2025 жылы компания тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша жергілікті қамту үлесін рекордтық 71%-ға жеткізген. Бір жыл ішінде осы бағытқа шамамен 1,8 млрд доллар жұмсалған.

Сондай-ақ тауарлар санатындағы қазақстандық қамту үлесі 2024 жылғы 7%-дан 2025 жылы 15%-ға дейін өскен. Бұл өсім химиялық өнімдер, құрылыс материалдары, бұрғылау сұйықтықтары мен жоғары құнды жабдықтарды сатып алу есебінен қамтамасыз етілген.

Ұқсас материалдар