ҚР Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1п.т. дәлізімен жылдық 14,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Ақпанда және наурызда жылдық инфляция төмендеу үрдісін жалғастырды. Алайда, ол баяу қарқынмен төмендеді. Инфляциялық күтулер біршама әлсіреді. Бірақ, мейлінше, жоғары деңгейде қалды. Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап түрде қалыптасып отыр. Әлемдік нарықтарда астық бағасы төмендеп келеді. Ішкі экономикада орнықты ішкі сұранысқа және тұрақтанбаған инфляциялық күтулерге байланысты инфляциялық қысым сақталып отыр.
«Инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет. Қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатын жеңілдетуге арналған кеңістік әлі де шектеулі. Оның қалыптасуы инфляцияның орнықты бөлігінің тұрақты түрде баяулауына байланысты», делінген ҰБ түсіндірмесінде.
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 31 мамырда жарияланады.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық Банк алаяқтардың жаңа схемалары пайда болғанын ескерткен еді.