Қазақстанда 80,5 млн тонна мұнай өндірілді, былтырға қарағанда өндіріс азайған.
Биыл 11 ай ішінде Қазақстанда 80,5 млн тонна мұнай өндірілді, жоспар 98 пайыз орындалған. Өндіріс азайғанына ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстары әсер еткен. Бұл туралы 17 желтоқсандағы үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
«2024 жылғы қаңтар-қараша айларында мұнай мен конденсат өндіру көлемі 80,5 млн тоннаға жетті. Теңіз кен орнында 25,9 млн тонна мұнай өндірілді. Қашағандағы мұнай өндіру көлемі – 15,8 млн тонна, Қарашығанақ жобасының көрсеткіші – 11,1 млн тонна», – деді Сәтқалиев.
Министрдің сөзінше, Теңіз кен орнында мамыр мен тамыз айында жалпы 50 күн, Қашағанда 21 күн жөндеу жұмыстары болған. Мұнай өндіру деңгейінің төмендеуіне 2024 жылы Теңіз және Қашаған кен орындарында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары әсер еткен.
«Сонымен қатар мұнай өндірудің төмендеуіне Қарашығанақ кен орнындағы жоспардан тыс тоқтаулар, Орынбор мұнай өңдеу зауытының газ қабылдау шектеулері, Каспий құбыр консорциумының жоспарлы-профилактикалық жұмыстары, сондай-ақ 26 қазаннан бастап Теңіз кен орнының екінші буын зауытында будың технологиялық ағынға ішкі ағуы салдарынан жөндеу жұмыстары әсер етті», – деп қосты министр.