Жеңілдетілген режимдер жойылды: 1 қаңтардан бастап бизнесті қалай жабуға болады
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда салық төлеу тәртібі өзгерді.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, бұрын қолданылған бірқатар арнайы салық режимдері алынып тасталып, тек үш режим қалды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған, жеңілдетілген декларация негізіндегі және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режимдер.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұрынғы жеңілдетілген декларация, тіркелген шегерім және бөлшек салық режимдері енді қолданылмайды. Осы режимдермен жұмыс істеп келген кәсіпкерлер 2026 жылдан бастап олар бойынша салық есептілігін тапсыра алмайды.
Бұл өзгеріс әсіресе 2026 жылғы 1 қаңтар мен 28 ақпан аралығында қызметін тоқтатуды жоспарлап отырған кәсіпкерлерге қатысты. Егер кәсіпкер осы кезеңде бизнесін жапса, бұрынғы режимдер аясында есеп тапсыру мүмкін болмайды.
Осыған байланысты кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексінде сақталған режимдерді ескеріп, қызметін соған бейімдеу немесе бизнесті жабу мерзімін алдын ала дұрыс жоспарлау ұсынылады.
Мемлекеттік кірістер комитеті қызметті дұрыс аяқтау үшін мынадай қадамдарды орындау қажет екенін еске салды:
-
2025 жылдың 4 тоқсанына немесе 1 жартыжылдығына арналған кезекті салық декларациясын тапсыру;
-
салық салу режимі туралы хабарламада жеңілдетілген декларацияға немесе жалпыға бірдей тәртіпке ауысуды және «ерікті түрде шешім қабылдау» себебін көрсету;
-
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап таңдалған режимнің күшіне енетінін ескеру;
-
қызметті тоқтату туралы өтініш беру және тиісті тарату салық есептілігін ұсыну.
Уақтылы салық режимі туралы хабарлама берілмеген жағдайда қызметті тоқтату туралы өтініш қабылданбайды. Мұндай жағдайда жүйе алдымен салық салу режимін өзгерту қажеттігі туралы ескерту шығарады.





