
Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратурамен бірлесіп, еліміздегі ірі қаржылық алаяқтық схеманы анықтады.
Тергеу барысында зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаражаттың заңсыз шешілгені белгілі болды.
Агенттік таратқан мәліметке сәйкес, қылмыстық топтар еліміздің бірнеше қаласында – Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа өңірлерде 30-дан астам жалған стоматологиялық клиника ашқан. Бұл мекемелер тек құжат жүзінде болған: олардың ғимараты да, жабдығы да, білікті дәрігерлері де болмаған. Кейбір «басшылардың» медициналық білімі де жоқ болып шықты.
Клиникалар азаматтарға жалған медициналық анықтамалар жасап, зейнетақы жинағын шешуге көмектескен. Осы қызметі үшін олар 10-20 пайыз көлемінде сыйақы алып отырған.
Қылмыстық топтар ақшаны қолма-қол алу үшін 226 адамды дропперді пайдаланған. Заңсыз табысқа күдіктілер қымбат көліктер, пәтерлер, жер телімдері және зергерлік бұйымдар сатып алған. Атап айтқанда, 15 элиталық көлік (Gelandewagen, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade және т.б.) тәркіленген.
Қазіргі таңда 59 жерде тінту жүргізілді, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды, Қылмыстық жолмен алынған мүлікті анықтау жалғасуда.
Агенттік зейнетақы қаражатын заңсыз шешкен азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, тергеу тек алаяқтық схеманы ұйымдастырғандарға қатысты жүргізіліп жатыр.
ҚМА күдіктілердің құқығы бұзылды деген ақпаратты жоққа шығарды. Барлық тергеу шаралары заң аясында жүріп жатыр, күдіктілер мен адвокаттарының сотқа немесе прокуратураға шағымдану құқығы бар.
Қаржылық мониторинг агенттігі бұқаралық ақпарат құралдарын тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.