Қытайда өтіп жатқан Auto China 2024 көрмесінде Mazda компаниясы артқы жетекті EZ-6 электр және гибрид седан мен Arata деп аталатын электр кроссоверінің концептін таныстырды.
Mazda 626 мен Mazda Capella-ның ізін жалғастырушы Mazda 6 -ның бірінші буыны 2002 жылы автонарыққа жол тартқан еді. 2007-2010 жылдары екінші буыны, 2012 -2018 жылдары үшінші буыны шығып, тоқтады. Үшінші толқыны негізінен Қытайда шығарылды, кейін соның негізінде Қытайдағы FAW-Mazda бірлескен кәсіпорынында 2017 жылы таза қытайлық Hongqi H5 үлгісі жолға қойылды. Осылайша Mazda 6-ның дәуірі мәңгілікке аяқталатындай көрінген. Бұл үлгіні тіпті АҚШ пен Жапония нарықтарынан алып тастаған. Алайда қытайлық Changan Automobile мен Mazda-ның бірлескен Changan Mazda кәсіпорны Mazda EZ-6-ны таныстырды.
Mazda аты мен радиатор торы, фирмалық стилдегі алдыңғы, артқы жарық шамдары болмаса, EZ-6 -ны толықтай қытайлық көлік деуге болады. Өйткені 2022 жылы шыққан Shenlan SL03 көлігінің толықтай көшірмесі. Ішкі жабдықталуына қарап, кәнігі автоәуесқойлардың өзі оны жапониялық көлік дей алмайды. Көрмеде көліктің толық техникалық мінездемесі айтылмады. Тек электрокөліктің толық қуатпен 600 шақырым, гибридтің 1000 шақырым жүре алатыны айтылды.
Ал Mazda Arata кроссоверінің аты болмаса таза қытайлық деуге болады. Өндірісі бірнеше айдан кейін басталатын гибридтік көлік Қытаймен қатар Еуропа елдерінде сатылатын сияқты. Өйткені Mazda Еуроодақтың патенттік мекемесінде Mazda 6e көлігінің логотипі мен сипаттамасын тіркеді.