
Мәжіліс депутаттары Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Жоба аясында салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді, салықтық жеңілдіктер санын қысқарту, мониторингілеу және талдау бойынша жүйелі шаралар көзделген. Банк секторы (25%), ойын бизнесі (25%), әлеуметтік сала (10%) және ауыл шаруашылығы (3%) үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі сараланады. Базалық мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалады.
Ғимараттарды, құрылыстарды, машиналарды, жабдықтарды, бағдарламалық қамтылымды сатып алу немесе салу кезінде инвестициялық салықтық преференциялар қарастырылады.
«Жеке тұлғаларға салық салу бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату ұсынылады. Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жалақыдан базалық салық шегерімін белгілеу көзделеді», – делінген хабарламада.
10 жылдан астам пайдаланылған автомобильдер үшін салық сомасы 30 пайызға, 20 жылдан астам пайдаланылғандарға 50 пайызға төмендетіледі. Ал «Сән-салтанат» заттарына (қымбат мүлік, автомобильдер, алкоголь және темекі өнімдері, теңіз кемелері, ұшу аппараттары) жоғары салық салу ұсынылады.