Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Жыл басынан бері 2,4 трлн теңгеге жуық зейнетақы төленді

Жыл басынан бері 2,4 трлн теңгеге жуық зейнетақы төленді

2025 жылдың басынан бері қазақстандық зейнеткерлерге республикалық бюджеттен 2 трлн 451,4 млрд теңге көлемінде зейнетақы төленді.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Ведомствоның дерегінше, оның ішінде 793 млрд теңге базалық зейнетақыға, ал 1 трлн 658,4 млрд теңге ынтымақты зейнетақыға жұмсалған.

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша елде 2 млн 497 мың зейнеткер бар. Орта есеппен республикалық бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақы мөлшері 143 097 теңгені құрады. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 491 теңге, базалық зейнетақы – 47 606 теңге.

Министрлік мәліметіне сай, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы төлемдері 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға артқан. Бұл өсім инфляция деңгейінен 2%-ға жоғары.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төмен мөлшері күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарғысы 120%-ына дейін кезең-кезеңімен жеткізілуде. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 32 360 теңге, ал ең жоғарысы 50 851 теңгені құрады.

Министрлік 2018 жылдан бері базалық зейнетақы төлемі әр азаматтың еңбек өтіліне қарай жеке есептелетінін еске салды. Еңбек өтілі 10 жыл немесе одан аз болған жағдайда базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең болса, 30 жылдан асса – 110%-ына дейін жетеді.

Ұқсас материалдар