
2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда қолма-қол ақшасыз операциялар санының 13,4% өсті. Жалпы саны – 12,8 млрд операция, көлемі – 17% (жалпы көлемі – 166,1 трлн теңге) болды. Қазақстандықтар күн сайын орташа есеппен 453,6 млрд теңгеге қолма-қол ақшасыз 35,1 млн операция жүргізді, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Ақпаратқа сүйенсек, транзакцияларды талдағанда саны жағынан 98%-ы және көлемі жағынан 87%-ы – қолма-қол ақшасыз операциялар болған. Оның 90%-ы банктердің онлайн сервисі арқылы жүргізілген.

Бұл ретте банктердің онлайн-сервисін пайдаланушылар саны 13%-ға, 25,9 млн дейін ұлғайды.
Бір жыл ішінде интернет пен мобильді банкингтің бір пайдаланушысына келетін онлайн-транзакция көлемі орта есеппен 7%-ға (6,1 млн теңгеге дейін) өскен.