Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

24 қарашадан бастап қарызын кешіктіргендерге несие алу қиындайды

24 қарашадан бастап қарызын кешіктіргендерге несие алу қиындайды

2025 жылғы 24 қарашадан бастап банктерден қарыз алу тәртібі өзгереді – төлем қабілеті төмен азаматтарға жаңа шектеулер енгізіледі.

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. Агенттік 2025 жылғы 7 қарашада №70 қаулыны бекітіп, банктер үшін тәуекелдерді басқару ережелеріне өзгерістер енгізді. Құжаттың толық мәтіні агенттіктің ресми сайтында жарияланған.

Соңғы 12 айда 90 күннен астам мерзімі өткен қарыз алушылар үшін борыштық жүктеме коэффициенті 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетіледі. Бұл — банктердің мұндай азаматтарға несие беру мүмкіндігін шектеу үшін қабылданған шара.

Агенттік бұл өзгеріс қарыз алушылардың шектен тыс міндеттемелер алуын болдырмауға және қайта дефолтқа ұшырау қаупін азайтуға бағытталғанын атап өтті.

Кепілсіз тұтынушылық несиеге тікелей шектеу қандай жағдайда қолданылады?

Егер төмендегі шарттардың кемінде біреуі орын алса, банк жаңа кепілсіз несие беруден бас тартуы мүмкін:

  • Банктік қарыз бойынша 30 күннен астам, немесе микрокредит бойынша 1 күннен астам мерзімі өткен;
  • Соңғы 36 айда негізгі қарыз немесе сыйақы толық кешірілген (2025 жылғы 1 шілдеден бастап есептеледі);
  • Соңғы 12 айда қайта құрылымдау жүргізілген, бірақ ол міндеттемелерді орындауға көмектеспеген.

Бұл талаптар банктердің несие беру кезінде тәуекелді азайтуға және қаржылық тұрақтылықты сақтауға бағытталған.

Ұқсас материалдар