Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

АҚШ пен Иран соғысты тоқтату жөніндегі меморандумға қол қойды

АҚШ пен Иран соғысты тоқтату жөніндегі меморандумға қол қойды
АҚШ пен Иран арасындағы бірнеше айға созылған қақтығысты тоқтатуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандум күшіне енді.

Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи мәлімдеді. Мәліметке сәйкес, құжатқа электронды форматта қашықтан қол қойылғандықтан, бұған дейін жоспарланған Женевадағы ресми рәсім өткізілмейді. Меморандумға АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран президенті Масуд Пезешкиан қол қойғаны хабарланды.

АҚШ тарапы да келісімнің жасалғанын растады. Ақ үй өкілдерінің мәліметінше, құжат тараптар арасындағы әскери іс-қимылдарды тоқтатып, алдағы келіссөздер үшін құқықтық негіз қалыптастырады.

Меморандумның негізгі тармақтарының бірі – әлемдік энергетика нарығы үшін стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыру. Құжатқа сәйкес, бұғаздағы қозғалыс кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп, тараптар қауіпсіз навигацияны қамтамасыз етуге міндеттеме алады.

Келісім аясында АҚШ Иранға қатысты кейбір санкцияларды жеңілдету мәселесін қарастырса, Тегеран ядролық қаруға ие болмау жөніндегі ұстанымын растап, ядролық бағдарламасына қатысты халықаралық бақылау тетіктері бойынша келіссөздерді жалғастыруға келісті.

Сондай-ақ құжатта Иран экономикасын қалпына келтіруге бағытталған халықаралық қолдау бағдарламасын әзірлеу, санкцияларды кезең-кезеңімен алып тастау және қаржы-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қамтылған.

Сарапшылардың пікірінше, бұл меморандум АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынастағы маңызды дипломатиялық қадам болып саналады. Алайда құжат түпкілікті бейбіт келісім емес. Тараптар алдағы 60 күн ішінде Швейцарияда өтетін келіссөздер барысында ядролық бағдарлама, санкциялар және өңірлік қауіпсіздікке қатысты түйткілдерді талқылап, толыққанды келісімге қол жеткізуге тырысады.

Ұқсас материалдар