ҚР Көлік министрлігі ақылы автожолдарда жолақы төлеу тәртібін жаңартуды жоспарлап отыр.
Жаңа өзгерістер жүргізушілерге төлем жасау үшін қосымша уақыт беріп, үдерісті барынша ыңғайлы әрі түсінікті етуге бағытталған.
Қолданыстағы талапқа сәйкес, жолақы пайдаланылған күннен бастап жеті күнтізбелік күн ішінде төленбеген жағдайда, сегізінші күні материалдар ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес көлік бақылау органдарына жолданатын.
Ал жаңартылған ережеге сай, жеке тұлғалар жолақысын пайдаланған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасамаса, материалдар тек 31-күні ғана көлік бақылау органдарына жіберіледі. Бұл жүргізушілерге төлемді дер кезінде өтеуге қосымша мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңа тәртіпте жеке және заңды тұлғалар үшін төлем жасау талаптары нақты ажыратылды. Енді заңды тұлғалар есептік кезеңнен кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жүргізбеген жағдайда, материалдар келесі күні уәкілетті органдарға жолданатын болады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер төлем мерзімін ұлғайту арқылы жүргізушілерге қолайлы жағдай жасауға және объективті себептермен төлем уақытында жүзеге аспаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылу қаупін азайтуға бағытталған.





