Алдағы үш жылда Қазақстанда автокөлік бөлшектерін шығару қарқыны күшейеді
Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басшысы Ерсайын Нағаспаев алдағы үш жылда елде автокомпоненттер өндіретін бірқатар жаңа нысандар іске қосылатынын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, былтыр Қазақстанда 171 мыңнан астам көлік шығарылып, оның 159 мыңы жеңіл автомобиль болған. Алматыда Chery, Haval және Changan брендтерін өндіретін мультибрендтік зауыт, ал Қостанайда Kia Qazaqstan зауыты іске қосылған.
Сондай-ақ Алматы индустриялық аймағында автокомпоненттер технопаркі жұмысын бастады. Онда мультимедиа жүйелері мен автокөлік орындықтары шығарылады.
Бұдан бөлек, Саран қаласындағы Tengri Tyres зауытында шиналар өндіріледі, ал Қостанайдағы KamLitKZ кәсіпорнында шойын құю өндірісі іске қосылған.
Сонымен қатар Allur компаниясы автокомпоненттерді локализациялау орталығының құрылысын бастап, алдағы жылдары жылыту және кондиционерлеу жүйелері, тежегіштер, салон мен еденге арналған пластик бөлшектер өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.





