Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласында әрекет еткен «Boxy Wealth» қаржы пирамидасына қатысты тергеуді аяқтады.
Агенттік мәліметінше, күдікті бір жыл бойы қала аумағында осы жобаның құрылымдық бөлімшесін басқарған. Жоба www.boxywealth.com сайты мен мессенджерлер арқылы жүргізілген.
Алғашында «Күнделікті табыс» чатында халық тұтынатын тауарлар жайлы ақпарат таратылып, кейін азаматтарды инвестициялық платформаға тарту жүзеге асырылған. Қатысушыларға түрлі пакеттерді сатып алып, жарнамалық материалдарды қарау арқылы тәулігіне 5–10% табыс табуға болады деген уәде берілген.
Сонымен қатар, жаңа адамдарды тартқаны үшін бонус берілетін рефералдық жүйе қолданылған. Қаражаттар жеке тұлғалардың банк шоттары арқылы қабылданып, кейін P2P операциялар арқылы криптовалютаға аударылып отырған.
Сенім қалыптастыру үшін компания тіркеліп, кеңсе ашылған, жарнамалар жүргізілген және жалған «табыс» көрсеткіштері ұсынылған.
Нәтижесінде 78 адам жалпы сомасы 110 млн теңгеден астам қаражат салған. Сот санкциясымен күдіктінің Алматыдағы жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.





