Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Алматыда ірі IT-парк пен AI-Hub ашылады

Алматыда ірі IT-парк пен AI-Hub ашылады

Алматы қаласында цифрлық индустрияны дамытуға бағытталған ауқымды жобалар іске асады.

Биыл мегаполисте жалпы аумағы 70 мың шаршы метр болатын IT-парк пен жаңа AI-Hub ашу жоспарланып отыр.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов GITEX AI Kazakhstan саммитіне орай өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстандағы әрбір үшінші IT-стартап дәл Алматыда құрылған. Алайда қазіргі таңда олардың жұмысы жүйеленбеген. Осыған байланысты әкімдік барлық технологиялық компанияларды бір экожүйеге біріктіруді көздеп отыр.

Жоспарға сәйкес, Almaty AI-Hub осы жылдың қараша айында ашылады. Оның аумағы шамамен 10 мың шаршы метрді құрайды және тек IT-компанияларға арналған. Мұнда қазақстандық және шетелдік технологиялық ұйымдардың кеңселері орналасады. Сонымен қатар, тәулік бойы жұмыс істейтін open space форматындағы кеңселер қарастырылған.

Ал екінші жоба – нөлден бастап салынатын ірі IT-парк. Оның аумағы 70 мың шаршы метрге жетеді. Жаңа орталыққа халықаралық технологиялық компаниялар мен отандық стартаптар тартылып, толыққанды инновациялық экожүйе қалыптастыру жоспарланып отыр.

Кадр даярлау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Мамыр айында Nfactorial білім беру бағдарламасы іске қосылып, 18 жастан асқан азаматтарды жасанды интеллект бағыты бойынша оқыту басталады. Жыл соңына дейін жас таланттарға арналған Tomorrow School жобасын ашу да жоспарланған.

Бұдан бөлек, әкімдік жанынан серіктестермен жұмыс істейтін жаңа құрылым құру көзделіп отыр. Жобаның нақты форматы әзірге жарияланған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда қорғаныс технологияларын дамытуға арналған Defense Tech IT Park орталығы іске қосылған болатын. Жаңа бастамалар қаланың Орталық Азиядағы IT-хаб ретіндегі позициясын күшейтуді көздейді.

Ұқсас материалдар