Биыл қаңтар-қараша айларында өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында өндіріс көлемі 5,9 пайызға өсті.
Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде оң динамика металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен жеңіл өнеркәсіп салаларында тіркелген. Металлургия саласындағы өндіріс көлемі алтын, мыс, болат және шойын өндірісінің артуына байланысты 1,1 пайызға ұлғайған.
Вице-министр өндірістегі өсімді отандық кәсіпорындардың қуаттарын тиімді пайдалану, өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуді жақсарту және қабылданған қолдау шараларымен байланыстырды.
Машина жасау саласында өндіріс көлемі 11,6 пайызға артқан. Бұл өсім көлік құралдары, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасы, сондай-ақ жабдықтар мен тұрмыстық техника өндірісінің көбеюі есебінен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар ішкі сұраныстың артуы мен инвестициялық жобалардың іске асырылуы да әсер еткен.
Айта кетейік, биыл елімізде бірқатар ірі өндірістік нысандар пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қостанайда KIA жеңіл автомобильдерін шығаратын зауыт, Алматыда мультибрендтік автозауыт, Астанада жолаушылар вагондарын, ал Атырауда жүк вагондарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды.
Химия өнеркәсібінде фосфор және азот тыңайтқыштары, аммофос, полипропилен, лак-бояу материалдары мен күкірт қышқылы өндірісінің артуына байланысты өндіріс көлемі 8,1 пайызға өскен.
Сондай-ақ құрылыс материалдары өндірісі 7,1 пайызға, ал жеңіл өнеркәсіп саласында тоқыма бұйымдары мен киім өндірісінің ұлғаюы нәтижесінде жалпы өсім 7,4 пайызды құрады.





