
Ұлттық банктің дерегінше, 1 грамм алтын 68 611 теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 67,8 пайызға қымбат.
Қазақстанда банктер алтынды негізінен құйма түрінде сатады. Ең кіші 5 граммдық құйманың ресми бағасы 343 мың теңгеден басталады. Сарапшылардың айтуынша, бұл өсім тікелей теңгенің әлсіреуінен емес, алтын бағасының әлемдік деңгейде қымбаттауынан туындап отыр.
Соңғы күндері биржада тройялық унция (31 грамм) 3 922 доллардан асып, 2,1 млн теңгеге жетті.
Инвесторлар алтынды экономикалық және саяси тұрақсыздық кезеңінде «қауіпсіз актив» ретінде қарастырады. Дегенмен мамандар қазақстандықтарға алтын құймаларын сатып алу немесе сату кезінде сақ болуды ескертеді, себебі баға құбылмалы болуы мүмкін.
Бұған қоса, қазақстандықтар физикалық құймадан бөлек, салмағы 1 унцияға тең цифрлық Gold Coin-ды да бөліп-бөліп сатып алып, кейін толық көлемге жеткенде нақты монетаға айырбастай алады.