БАҚ: Сатылған әр пойыз билетінен үлес алатын жеке серіктестік туралы ақпарат тарады
БАҚ-та "Самұрық-Қазына" қорының микроқаржы ұйымдарын қаржыландырып келгені туралы қауесет шықты. Әзірге қор өкілдері бұған қатысты пікір білдірген жоқ. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап nur.kz хабарлады.
Телеарна "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында сатылған әр билеттен үлес алатын жеке серіктестік жайлы ақпарат тарағанын мәлім етті. БАҚ-та "Инстант Пейментс" ЖШС 9 жыл ішінде ұлттық компаниядан 5 млрд 700 млн теңге табыс тапқаны айтылады.
"Компанияның қазіргі қожайыны кезінде "Оператор РОП" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызмет еткен Дияс Мадиғожин есімді азамат екені белгілі болды. Сондай-ақ ол Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген Global crypto mining LTD және "Лизинг Групп" АҚ қожайыны көрінеді", - деп хабарлайды телеарна.
"Лизинг Групп" компаниясы көлік, құрылыс, машина жасау мен ауылшаруашылығы саласында лизингтік операциялармен айналысады. Телеарна мәліметінше, компания шілде айының өзінде 550 млн теңге табысқа кенелген. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін телеарна Самұрық-Қазына қорына ресми сауал жолдаған, әзірге қор жауап бермеген.