Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Бас прокуратура «QI-Trade» қаржы пирамидасының жетекшісін экстрадициялады

Бас прокуратура «QI-Trade» қаржы пирамидасының жетекшісін экстрадициялады

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қырғыз Республикасынан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады.

Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. 

Аталған топтың мүшелері 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстан аумағында «QI-Trade» қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 4,7 мыңнан астам салымшының жалпы сомасы 15 миллиард теңге қаражатын заңсыз иемденген.

Қылмыстық топтың кейбір мүшелері сотпен әртүрлі жазаға тартылған, ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланды.

Іздеуде бола тұра, ол Қырғызстанда кісі өлтіру қылмысын жасап, қырғыз сотымен сотталды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол уақытша ұстап берілді, ал қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылғаннан кейін Қырғыз Республикасына қайтарылатын болады.

Осылайша, көрші мемлекет аумағында жазасын өтегеннен кейін күдіктіні Қазақстан аумағында жасаған қылмысы үшін жаза күтетін болады.

Ұқсас материалдар