«Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобынан мемлекетке ірі мүлік тәркіленді
Шығыс Қазақстан облысында «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобынан мемлекет кірісіне жалпы құны 11,6 млрд теңгеден асатын мүлік қайтарылды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Тимур Мұқанов хабарлады.
– Жыл басынан бері департамент өндірісінде 17 қылмыстық іс қаралды. Сол істердің ішіндегі ең ірілерінің бірі – «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобына қатысты болды. Тергеу нәтижесінде автокөліктер, жылжымайтын мүліктер, әуе кемелері және демалыс базасы сияқты жалпы құны 11,6 млрд теңгеден асатын мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды, – деді Тимур Мұқанов.
Сонымен қатар, бұрын Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға тиесілі болып, кейін заңсыз «Алтай ШҚАТ» ЖШС-ға берілген ғимарат та мемлекет бақылауына қайтарылды. Оның құны шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Бұл шешім өңірдің стратегиялық маңызы бар білім нысанының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, Ұлан ауданының Шыбынды және Самар ауданының Құлынжон өзендерінің аңғарларында бағалы металдарды заңсыз өндірудің екі фактісі тіркеліп, мемлекетке келтірілген залал 400 млн теңгеден асты. Тергеу барысында 6 келіден астам алтын, 56 мың АҚШ доллары және кен өндіруге арналған техника тәркіленді.
Заңсыз өндірісті ұйымдастырған тұлғалар қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.





