2026 жылы Ұлттық қордан әр баланың есепшотына шамамен 130 АҚШ доллары аударылады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, нақты деректер 1 ақпанда ресми түрде жарияланады. Қаражат көлемі балалардың тууы, елден кетуі және азаматтықтан шығуына байланысты қайта есептеліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, бір балаға тиесілі сома өткен жылмен шамалас.
Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы өткен жылы Ұлттық қордың инвестициялық табысы 8,7 млрд долларды құрағанын айтты. Бұл жылдық есепте 15% өсімге тең және қор тарихындағы рекордтық көрсеткіштердің бірі саналады.
Оның сөзінше, қордан алынатын трансферттерге қарамастан, жоғары табыстылық Ұлттық қор активтерінің едәуір өсуіне мүмкіндік берген.





