2025 жылы «Отбасы банкінде» баспана жинағына арналған 1 миллион жаңа депозит ашылды.
Бұл – банк тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазіргі таңда банкте 3,4 млн қазақстандық тұрғын үй алу үшін қаражат жинап отыр.
Биыл банк арқылы 74 386 азамат баспаналы болды, олардың әрбір үшіншісі өмірінде алғаш рет үй иесі атанған. Банк басшылығы жинақ жүйесінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын атап өтті.
– Бір жылдың аралығында 1 миллион жаңа депозиттің ашылуы – банк тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. 2000 жылдардың басынан бері Қазақстанда жыл сайын шамамен 250 мың бала дүниеге келіп отырды. Солардың көпшілігінің ата-анасы алғашқы пәтерін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы сатып алғанын біліп өсті. Ал бүгінде сол салымшыларымыздың балалары өздеріі депозит ашып, оны белсенді түрде толықтырып, жеке баспанаға қол жеткізуді армандап жүр. Олар банкпен бірге өсіп келеді. Біз жинақ жүйесінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ондаған жыл бойы тиімді жұмыс істеп, бір отбасының артынан екіншісіне өмірдегі ең маңызды мақсаттардың бірі – баспана сатып алуға көмектесіп отырғанын көріп отырмыз. Дәл осы мақсат жолында «Отбасы банк» әр буын үшін сенімді бола отырып, дамуын жалғастырып, үнемі жаңарып келеді, – деді «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Сонымен қатар корпоративтік және жалдау-жинақтау тетіктері арқылы 500-ден астам қызметкер жұмыс берушілердің қолдауымен тұрғын үйге қол жеткізді.
2025 жылы «Отбасы банк» тұрғын үй сатып алу және салуға берілген қарыздардың 57%-ын қамтамасыз етіп, активтер көлемі бойынша екінші деңгейлі банктер арасында төртінші орынға шықты. Банктің несиелік портфелі 3,9 трлн теңгеден асты.





