Павлодар облысында Қаржылық мониторинг агенттігі «Богатырь көмір» ЖШС-нің қаржысын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Кәсіпорынның жарғылық капиталындағы 50% үлесі «Самұрық-Қазына» қорының меншігінде.
Тергеу барысында бірқатар коммерциялық компания жетекшілері бұрын пайдаланылған қосалқы бөлшектерді жаңа өнім ретінде кәсіпорынға жеткізу схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Бұл жоспарды іске асыруға «Богатырь көмір» ЖШС-нің тауар мен материалдарды қабылдауға жауапты қызметкері тартылған. Ол талапқа сай емес бөлшектерді еш кедергісіз қабылдап, олардың сапасын негізсіз растап отырған.
Екі жыл бойы жалған сәйкестік сертификаттары арқылы реакторлар, цилиндр блоктары, автотіркемелер мен тежегіш жүйелерінің пайдаланылған бөлшектері жаңа өнім ретінде өткізілген. Соның салдарынан «Богатырь көмір» ЖШС-не 123 млн теңге көлемінде залал келтірілген.
Қылмыстық жолмен алынған қаражат байланысы бар компаниялар мен жеке кәсіпкерлер арқылы жалған келісімшарттармен сыртқа шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Тінту кезінде күдіктілерден 27 млн теңге тәркіленді. Сот санкциясымен олардың алты автокөлігіне – «Cadillac Escalade», «Range Rover», «Toyota Land Cruiser 250» және басқа да көліктерге тыйым салынды.
Үш күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты өзге ақпарат жарияланбайды.





