Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Цифрлық теңге «ойын ережесін» өзгертеді – Президент

Цифрлық теңге «ойын ережесін» өзгертеді – Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке цифрлық экономиканың ішкі жалпы өнімге әсерін нақты бағалау бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, елде цифрлық экономикаға қатысты бірыңғай тұжырымдама әлі толық қалыптаспаған, ал қолданыстағы әдістемелер жүйеленбеген. Сондықтан ІЖӨ өсіміндегі нақты экономикалық нәтижелер мен инновациядан түсетін табысты ажырата білу маңызды.

Мемлекет басшысы Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, цифрлық экономиканың нақты үлесін есептейтін тәсілдер әзірлеуді тапсырды.

Президент сондай-ақ цифрландырудың жаһандық үрдістеріне тоқталып, Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытай тәжірибесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, Қазақстан да бұл бағытта белгілі бір нәтижеге жеткен: елдегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 80 пайыздан асқан.

Осы ретте Президент цифрлық теңгенің маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, бұл құрал қаржы жүйесіне жаңа талаптар енгізеді.

«Цифрлық теңгені кеңінен қолдану шын мәнінде “ойын ережесін” өзгертеді. Ол бюджеттің ашықтығын арттырып, транзакциялық шығындарды азайтады», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, цифрлық активтер нарығын дамытуға да назар аударылды. Былтыр Қазақстанда криптовалюта мен цифрлық активтерді реттейтін құқықтық база қалыптасқан. Бұл жылжымайтын мүлік, алтын және өндірістік активтерді токенизациялауға мүмкіндік береді.

Президент Үкімет пен Ұлттық банкке цифрлық активтерді дамытудың негізгі бағыттарын бекітуді тапсырды. Негізгі мақсат – Қазақстанды өңірдегі жетекші криптохабтардың біріне айналдыру.

Жиында жасанды интеллектіні дамыту мәселесі де көтерілді. Мемлекет басшысы келесі отырыста бұл технологияны өнеркәсіпке енгізу тақырыбын қарастыруды ұсынды.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллект экономикалық өсімнің негізгі факторына айналып келеді. Сондықтан деректерді, өндірістік процестерді және адами ресурстарды біріктіретін тұтас жүйе құру қажет.

Оның пікірінше, өндіріс саласы жаңа технологияларды сынақтан өткізетін және жоғары қосылған құн қалыптастыратын негізгі алаң болуы тиіс.

Ұқсас материалдар