CNPC Орталық Азиядағы үлесін кеңейтуде: Түрікменстанда жаңа газ зауыты салынады
Қытайдың мемлекеттік мұнай-газ корпорациясы CNPC Түрікменстанда жаңа газ өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, зауыттың жылдық қуаты 10 миллиард текше метрге жетеді. Жоба әлемдегі ірі газ кен орындарының бірі – Галкыныш кен орны аумағында жүзеге асады. Кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету үшін жаңа ұңғымалар бұрғыланатын болады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, зауыттың негізгі мақсаты – газды өңдеу көлемін арттыру және экспортты ұлғайту. Барлық тазартылған газ Қытайға жеткізіледі. Қазірдің өзінде Пекин Орталық Азия арқылы өтетін құбыр желілері арқылы Түрікменстаннан едәуір көлемде газ импорттап отыр.
Жаңа нысан Қытайға энергия көздерін әртараптандыруға және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді. Құрылыс басталу мерзімі мен инвестиция көлемі әзірге жарияланған жоқ.





