Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

ЕАЭО электронды коммерцияға бірыңғай ережелер енгізбек

ЕАЭО электронды коммерцияға бірыңғай ережелер енгізбек

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) кеңесі Еуразиялық экономикалық одақта электронды коммерцияны реттейтін бірыңғай ережелерді енгізу туралы келісім жобасын мақұлдады.

Құжатқа қол қою үшін қажетті рәсімдерді орындау мақсатында ол одаққа мүше мемлекеттерге жолданды. Бұл туралы Kazinform хабарлады.

Аталған жоба 2021 жылы ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары бекіткен электронды коммерцияны дамыту жөніндегі жол картасы аясында әзірленген. Келісімнің басты мақсаты – одақтың ішкі нарығында онлайн сауданың ортақ қағидаларын қалыптастыру.

ЕЭК-тің сауда жөніндегі министрі Андрей Слепневтің айтуынша, құжат электронды коммерция тауарларының еркін қозғалысына кедергі келтіретін тәуекелдерді азайтуға бағытталған.

«Бұл келісім кәсіпкерлер үшін реттеудің біркелкілігін, ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ электронды құжат айналымын қолдануға мүмкіндік беріп, әкімшілік жүктеме мен қаржылық шығындарды қысқартуға жол ашады», – деді ол.

Тұтынушылар үшін жаңа ережелер онлайн саудадағы құқықтарды дәстүрлі сауда деңгейінде қорғауды, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және жеке деректерді қорғауды көздейді.

ЕЭК мәліметінше, ЕАЭО елдерінде электронды сауда қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда одақ халқының шамамен 95 пайызы тауарларды онлайн сатып алады. Алайда әрбір екінші тұтынушы өз құқықтарының бұзылуына тап болатынын көрсеткен.

Осыған байланысты 2026 жылы Еуразиялық экономикалық комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп, азаматтардың онлайн сауда кезіндегі құқықтары туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған ақпараттық және білім беру іс-шараларын өткізуді жоспарлап отыр.

Ұқсас материалдар