Ташкентте өткен Транскаспий дәлізі жөніндегі инвесторлар форумында Еуропалық Одақ Ақтау портына қаржылай қолдау көрсететіні хабарланды.
Порт басшысы Дәурен Құтпанбаев ЕҚДБ-ның €35 млн несиесін және ЕО-ның €10 млн грантын қамтитын келісімге қол қойды.
Қаражат екі айлақты жаңғыртуға, кеңейтуге және ауа райына төзімді крандар сатып алуға бағытталмақ. Бұл контейнерлік жүктің ауыстырып тиеу мүмкіндігін арттырып, порттың өткізу қабілетін жылына 0,5 млн тоннаға ұлғайтады. Жаңғыртудан кейін порт бір мезгілде төрт кеме қабылдай алады.
ЕО бұған дейін Транскаспий бағытын дамытуға €10 млрд бөлуді жоспарлағанын мәлімдеген. Жоба Қазақстанның өңірдегі жетекші транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.





