 
							Halyk Finance сарапшылары 2026 жылдың соңына қарай ұлттық валюта әлсіреп, доллар бағамы 600-610 теңге деңгейіне дейін өсуі мүмкін деген болжам жасады.
Мамандар мұны бірнеше факторлармен байланыстырады: мұнайдың арзандауы, экспорт көлемінің қысқаруы және Ұлттық қордан сатылатын валютаның азаюы. Бұл жағдайлар ішкі нарықта валюта тапшылығын туғызып, сұраныс пен ұсыныс теңгерімін бұзуы ықтимал.
Экономика өсімі жалғасып жатқанымен, оның қарқыны бәсеңдеп келеді. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында ЖІӨ 6,3%-ға артқан, бұл өткен айлардағы көрсеткіштен сәл төмен. Сарапшылар мұны негізгі салалардағы баяу өсіммен түсіндіреді.
Баяндамасында Halyk Finance Теңіз кен орнындағы өндіріс көлемінің артуы экономиканың негізгі қозғаушы күші болып отырғанын атап өтті. Алайда инфрақұрылымдық жобалар мен Ұлттық қордан берілетін трансферттердің әсері азая бастаған.
«2025 жылы фискалдық саясат белсенді қолдау сипатында болды, бірақ 2026 жылы Ұлттық қордан бөлінетін трансферт шамамен екі есеге қысқарады. Бұл бюджеттік шығындардың өсуін шектейді және мемлекеттік ынталандыруды әлсіретеді», – делінген талдау есебінде.
Инфляция қыркүйекте 12,9%-ға дейін көтеріліп, жыл басынан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Осыған байланысты Ұлттық банк қазан айында базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін арттырды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қатаң ақша-несие саясаты несие алуды қиындатып, ішкі тұтынуды бәсеңдетеді.
Halyk Finance болжамынша, инфляция 2025 жылы 11,5-12,5%, ал 2026 жылы 10,5-11,5% аралығында болады.
Сондай-ақ, агенттік 2025 жылдың соңында доллар шамамен 550–560 теңге, ал 2026 жылы 600-610 теңге деңгейінде саудалануы мүмкін екенін атап өтеді.
Экономикалық өсім бойынша да түзету енгізілді: 2025 жылы ЖІӨ 5,6% деңгейінде, ал 2026 жылы 4,5%-ға дейін төмендеуі ықтимал. Бұған мұнай бағасының құлдырауы, трансферттердің азаюы, салық жүктемесінің артуы және халық табысының баяу өсуі әсер етуі мүмкін.





