Алайда бұл мәселе бойынша әлі соңғы шешім қабылданған жоқ.
Honda өз сайтында Nissan және Mitsubishi Motors компанияларымен әріптестік орнатудың түрлі жолдарын қарастырып жатқанын атап өтті. Nissan Mitsubishi-дің шамамен 25%-ына иелік етеді.
Financial Times-тың сенімді дереккөздерінің бірінің мәліметінше, Nissan мен Honda арасындағы келіссөздерге қатысушылар бұл бірігудің саяси тұрғыда теріс әсері болуы мүмкін деп алаңдауда, өйткені компаниялардың бірігуі жаппай жұмыс орындарын қысқартуға әкелуі ықтимал.
Қараша айында Financial Times Nissan компаниясы өзіне “тірек инвестор” іздеп жатқанын жазған болатын. Бұл инвестор компанияның шешуші жылды еңсеруіне көмектесе алады. Сонымен қатар, автокөлік өндірушісінің ұзақ жылдар бойғы серіктесі Renault компаниясы Nissan-дағы үлесін қысқартуда.
“Бізде шамамен 12-14 ай ғана бар, осы уақыт ішінде аман қалуымыз керек”, – деп мәлімдеді Financial Times-қа Nissan-ға жақын дереккөздердің бірі.
Өткен айда Nissan 9 мың қызметкерін қысқартатынын және өндірістік қуаттарын 20%-ға азайтатынын хабарлады.
Бұған дейін, осы жылдың басында, Nissan мен Honda электромобиль технологиялары бойынша бірлесіп жұмыс істеу жоспарын жариялаған болатын.
Бірігу екі компанияға технологияларды дамыту мен сатып алу бойынша синергияға қол жеткізуге мүмкіндік береді, бірақ корпоративтік мәдениеттегі айырмашылықтар мен модельдік қатарлардың қайталануы сияқты қиындықтарды да тудырады, деп жазады WSJ.
Өткен жылы Honda шамамен 4 млн көлік, ал Nissan 3,4 млн көлік сатқан. Егер біріккен компания қайталанатын модельдік қатарларды қысқарту үшін өндірісті азайтпаса, онда ол әлемдік нарықта сатылым көлемі бойынша Toyota мен Volkswagen-нан кейінгі үшінші орынды алады.
Сәрсенбі күнгі сауда-саттықта Honda акциялары 3,2%-ға арзандады, ал Nissan қағаздары 23,7%-ға, Mitsubishi 19,7%-ға қымбаттады.