Америкалық кәсіпкер, инженер және инвестор Илон Маск әлем тарихындағы алғашқы триллионер атанды.
Бұған оның негізін қалаған SpaceX компаниясының рекордтық IPO өткізуі себеп болды. Reuters агенттігінің мәліметінше, SpaceX акцияларын алғашқы жария орналастыру барысында бір акцияның бағасын 135 доллар деңгейінде белгілеп, жалпы көлемі 75 млрд доллар инвестиция тартқан. Бұл АҚШ тарихындағы ең ірі IPO ретінде тіркелді. Нәтижесінде компанияның нарықтық құны 1,77 трлн долларға жетті.
IPO-ға дейін Илон Масктың байлығы шамамен 780 млрд доллар көлемінде бағаланған. Акциялардың биржаға шығуынан кейін оның SpaceX-тегі үлесінің құны күрт өсіп, кәсіпкердің жалпы капиталы 1,1 трлн доллардан асты. Осылайша Маск әлемдегі алғашқы «төрт үтірлі» бай атанып отыр.
Қазіргі таңда Масктың дәулеті әлемдегі өзге миллиардерлерден айтарлықтай алда. Сарапшылардың бағалауынша, оған ең жақын бай адамдардың капиталы 300-400 млрд доллар шамасында ғана.
Илон Маск әлемге ең алдымен Tesla мен SpaceX жобалары арқылы танылды. Кейін ол X әлеуметтік желісін сатып алып, жасанды интеллект, ғарыш технологиялары және цифрлық коммуникациялар саласындағы ықпалын күшейтті.
Сарапшылардың пікірінше, SpaceX құнының рекордтық деңгейге жетуі тек компанияның қаржылық көрсеткіштерімен ғана байланысты емес. Инвесторлар Масктың ғарышты игеру, жасанды интеллект және жоғары технологиялар бағытындағы ұзақ мерзімді стратегиясына да жоғары сенім білдіруде. Осы құбылыс халықаралық қаржы нарығында «Илон Маск премиясы» деген атауға ие болды.
Дегенмен кейбір сарапшылар SpaceX-тің қазіргі нарықтық бағасы өте жоғары екенін айтып, оның болашақтағы нәтижелері инвесторлардың күтімін ақтай ала ма деген сұрақтың әлі де өзекті екенін атап өтуде.





