
Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтты.
– Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,3 пайыз болды. Қаңтар-тамызбен салыстырғанда шамалы баяулау байқалады. Нақты сектордағы өсу 8,1 пайыз болды, қызметтер өндірісі 5,3 пайызға өсті. Салалар арасында көлік қызметтері, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі ең жоғары өсуді көрсетті. Сауда – 8,8, өңдеу өнеркәсібі – 6,2, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға ұлғайды. Жалпы ішкі өнім өсімінің 70 пайыздан астамын өнеркәсіп, сауда және көлік қызметтері қамтамасыз етті, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, инвестициялар өсудің факторы болып қалып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,5 пайызға артып, 13,8 трлн теңге болды. Оның ішінде жеке инвестициялар 7,8 пайызға өсті.
– Қаржы қызметіне жалпы инвестициялар 2 есеге, білім беруге – 1,8 есе, өңдеу өнеркәсібіне – 30,7, ауыл шаруашылығына – 21,1, көлік қызметтеріне 14,8 пайызға ұлғайған. Инвестициялардың ең жоғары өсуі Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды. Инвестициялардың төмендеуі Атырау облысында тіркелді, – деді Азамат Әмрин.