Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Иранға қазақ астығының экспорты күрт өсті

  Иранға қазақ астығының экспорты күрт өсті

Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіп саласындағы сауда көлемі айтарлықтай өсіп келеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Иран Ислам Республикасының Өнеркәсіп, кен өндіру және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабакпен кездесіп, аграрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту, өзара сауда мен инвестициялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.

Министрдің айтуынша, Қазақстан Иранмен аграрлық бағыттағы байланысты тереңдетуге ерекше мән береді.

«Қазақстан Иранмен аграрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Біздің өнімдеріміз бірін-бірі толықтырады, мұны өзара саудадағы тұрақты өсім дәлелдеп отыр», – деді Айдарбек Сапаров.

Кездесу барысында Иран нарығына қазақстандық өсімдік майлары мен басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізу әлеуеті жоғары екені айтылды.

Өз кезегінде Иранның Өнеркәсіп, кен өндіру және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабак Қазақстанды өңірдегі маңызды серіктестердің бірі ретінде бағалайтынын жеткізді.

«Біз өзара тауар айналымын арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тасымалын кеңейтуге, логистикалық бағыттарды дамытуға және өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кооперациясы бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделіміз», – деді ирандық министр.

Министрлік мәліметінше, өткен жылдың қорытындысында екі елдің агроөнеркәсіп саласындағы тауар айналымы 55,8 пайызға өсіп, 342 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл екіжақты сауданың жалпы көлемінің 79 пайызын құрады.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің Иранға экспорты 97 пайызға артып, 238,5 млн АҚШ долларын құраған.

Сонымен қатар астық жеткізу көлемі екі еседен астам өсіп, 1,1 млн тоннаға жетті. Оның жалпы құны 225,3 млн АҚШ долларын құрады.

Ұқсас материалдар