Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы облысында орналасқан KZ Recycling зауытында жүргізілген тексеру барысында бірқатар экологиялық заңбұзушылықтар анықталғанын хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, тексеру Асыл Арман, Алма Сити тұрғын массивтері, Абай ауылы тұрғындары және Қарасай аудандық мәслихаты депутатының зауыттан шығатын жағымсыз иіске қатысты шағымынан кейін басталған.
Алматы облысы бойынша экология департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру кезінде жағымсыз иістің негізгі көзі кәсіпорынның ағынды суларын қабылдайтын сүзу алаңдары екені анықталған. Зертханалық талдау нәтижелері бойынша рұқсат етілген төгінділер нормаларының асып кеткені тіркелген.
Осыған байланысты компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілген. Министрлік дерегінше, 2024 жылдан бері кәсіпорын экологиялық талаптарды бұзғаны үшін үш рет айыппұл төлеп, олардың жалпы сомасы 49,9 млн теңгені құраған.
Тексеру барысында сондай-ақ өндірістік экологиялық бақылау талаптарының бұзылғаны да анықталған. Осыған байланысты компания тағы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Дегенмен 2026 жылдың ақпанында жүргізілген соңғы зертханалық тексерулерде нормативтердің асып кетуі тіркелмеген. Кәсіпорын берілген нұсқамаларды орындағаны хабарланды.
Қазіргі уақытта зауытты Алматы индустриялық аймағы аумағына көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда жаңа орынға қатысты мемлекеттік экологиялық сараптамаға ресми өтінім әлі түспеген.
Министрлік егер кәсіпорын көшірілгеннен кейін де экологиялық талаптарды бұзса, заңнамаға сәйкес айыппұл салу, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беру немесе қызметін уақытша тоқтату шаралары қолданылуы мүмкін екенін ескертті.





