Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қаржы секторындағы ЖИ реттеу ЭЫДҰ қағидаттары негізінде құрылады

Қаржы секторындағы ЖИ реттеу ЭЫДҰ қағидаттары негізінде құрылады

Central Asia FinTech Summit аясындағы пленарлық сессияда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова қаржы секторының цифрлық трансформациясы және жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу перспективалары туралы айтты.

Агенттік басшысы қаржы нарығы әрдайым технологиялық жаңалықтарды алғашқылардың бірі болып қабылдайтынын атап өтті. Бүгінде ЖИ Қазақстанның банк секторында кеңінен қолданылып келеді. Ұлттық Банктің деректеріне сәйкес, банктердің 75%-ы жасанды интеллектіні кредиттік скоринг, алаяқтыққа қарсы жүйелер, маркетинг және клиенттік сервистер бағытында пайдаланады. Дегенмен, қаржы ұйымдары арасында ЖИ енгізу деңгейі әртүрлі.

Мәдина Әбілқасымова жүргізілген талдау нәтижесінде ЖИ-ді дамытуда негізгі үш кедергі бар екенін атап өтті: бірыңғай стандарттардың болмауы, деректер сапасының жеткіліксіздігі және кадр тапшылығы. Оның айтуынша, әр ұйым өз бетінше эксперимент жүргізіп жатқанымен, ЖИ жүйелерінің жұмыс істеуінің бірыңғай тәсілдері әлі қалыптаспаған.

Сонымен қатар, ЖИ-ді кеңінен енгізу үшін адами ресурстардан бөлек, есептеу қуатына, бұлтты платформаларға және киберқауіпсіздік жүйелеріне елеулі инвестиция қажет. Осыған байланысты Ұлттық Банк пен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі барлық нарық қатысушыларына инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс.

Агенттік халықаралық тәжірибені зерттей отырып, қаржы секторында ЖИ реттеу жүйесін ЭЫДҰ және Халықаралық есеп айырысу банкі (BIS) қағидаттары негізінде қалыптастыратынын мәлімдеді.

Цифрландыруды күшейту мақсатында қадағалау процестерін автоматтандыруға бағытталған Цифрлық реттеуші стратегиясы іске асырылып жатыр. Бүгінде Агенттіктің барлық SupTech және RegTech құралдары бірыңғай цифрлық қадағалау платформасына біріктірілген.

Сөз соңында Әбілқасымова ЖИ енгізу мен цифрландыру тек технологиялық өзгеріс емес, сонымен бірге реттеуші мен қаржы секторының мәдениеті мен жұмыс қағидаттарының трансформациясы екенін атап өтті.

Ұқсас материалдар