Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қашағандағы күрделі жөндеу 2027 жылға шегерілді

Қашағандағы күрделі жөндеу 2027 жылға шегерілді

Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындарының бірі – Қашаған кен орны жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарын 2027 жылы жүргізеді.

Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бастапқыда кен орнында ауқымды техникалық жұмыстарды биыл өткізу жоспарланған еді. Алайда кейін жөндеу науқанын кейінге қалдыру туралы шешім қабылданған. Нәтижесінде Қашаған 2026 жылы өндіріс процесін тоқтатпай, қалыпты режимде жұмысын жалғастырады.

«Кен орны 2026 жылы жөндеусіз де жұмыс істей алады», – деді вице-министр журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Жаңа жоспарға сәйкес, кен орнындағы күрделі жөндеу және жабдықтарды жаңғырту жұмыстары 2027 жылы өтеді. Бұған дейін жөндеу мерзімі шамамен 35 күн деп белгіленсе, енді ол 40 күнге дейін ұзартылған.

Қашағандағы кез келген ауқымды тоқтау Қазақстанның жалпы мұнай өндіру көлеміне тікелей әсер етеді. Сондықтан жөндеу жұмыстарының кейінге шегерілуі алдағы кезеңде өндіріс көлемін тұрақты деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қашаған – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар мұнай жобаларының бірі. Каспий қайраңындағы алып кен орны Қазақстан мұнайының елеулі бөлігін өндіреді және экспорттық түсімнің маңызды көздерінің бірі саналады.

Ұқсас материалдар