![Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай туралы пікір білдірді](/uploads/posts/1739448623_-SXLpJjRHfzQNzwjEx3v-p8MwtQD07Pi/image/post7.jpeg)
Фото: t.me/aqorda_resmi
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестиваліне барды. Бұл – Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылындағы» алғашқы ауқымды іс-шара.Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтарының қаласын» аралап көрген соң өңірлерден келген жастармен жүздесті. Президент кез келген еңбек қадірлі, құрметке лайық екеніне назар аударып, жастарды аянбай еңбек етуге шақырды.
Сондай-ақ, Украина төңірегіндегі жағдай туралы пікір білдіріп, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы ең басты құндылық екеніне назар аударды.
«Біз «Бірлігіміз – әралуандықта» идеологиясын темірқазық етіп ұстанып отырмыз. Ұлтымыз бен наным-сеніміміз әртүрлі екеніне қарамастан, бір қоғамда тұтас халық болып өмір сүреміз. Мен баршаңызды осынау терең үдерісті толық түсінуге шақырамын. Сонда ғана табысқа жете аламыз. Қазір Украина жөнінде көп айтылып жатыр. Біз алғашқы кезден бастап осы соғысты міндетті түрде тоқтату керек, дипломатиялық келіссөздер арқылы бір мәмілеге келу қажет деп айттық. Бұл ұстанымымыз енді шындыққа айналды. Екі алпауыт ел саяси сұхбат жүргізе бастады. Бұл – жақсы үрдіс. Әрі Қазақстанға пайдасын тигізеді. Сондықтан біз мұны мейлінше қолдаймыз», – деді Президент.