Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы жеңілдетіледі.
Сенат депутаттары «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ және оның мүше мемлекеттері, екінші тараптан Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялау» заңын мақұлдады.
Келісімге сәйкес, екі тарап тауарларға қатысты тарифтік және тарифтік емес кедергілерді азайтып, кейбір импорттық баждарды алып тастайды. Бұл Қазақстанның Моңғолияға экспорттайтын негізгі тауарларының 92%-ын қамтиды.
Қазақстаннан Моңғолияға темекі өнімдері, нан мен кондитерлік өнімдер, кофе мен шай, дәрі-дәрмек, телевизорлар мен мониторлар жеткізілсе, керісінше Моңғолиядан жылқы еті, картоп, пошта маркалары, шұлықтауарлар мен аяқ киім әкелінеді.
Сенатор Әлібек Наутиевтің айтуынша, келісім отандық бизнеске импорттық баждардан үнемдеуге мүмкіндік береді және екі ел арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды нығайтады.





