Қазақстаннан сұйытылған мұнай газын сыртқа шығаруға қойылған шектеу тағы алты айға ұзартылуы мүмкін.
Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған Энергетика министрінің бұйрық жобасында айтылған. Құжат 2026 жылғы 14 мамырдан бастап күшіне енуі жоспарланып отыр.
Жобаға сәйкес, ел аумағынан сұйытылған мұнай газын, сондай-ақ пропан мен бутанды автомобиль және теміржол көлігі арқылы экспорттауға алты ай мерзімге тыйым салу ұсынылған.
Мұндай шешім ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндіріледі. 2025 жылы Қазақстанда 3,071 млн тонна сұйытылған газ өндірілгенімен, бұл көлем елдегі қажеттілікті толық жаппайды. Соның салдарынан өткен жылы 26,8 мың тонна газ импорттауға тура келген.
Сонымен қатар, қолданыстағы ережелерге сәйкес, кейбір компанияларға ғана газды шетелге сатуға рұқсат берілген. Мәселен, өткен жылы «Теңізшевройл» 582,5 мың тонна, ал «Жайықмұнай» 20,8 мың тонна сұйытылған газ экспорттаған. Жалпы алғанда, ішкі сұраныстың артуына байланысты 2025 жылы Қазақстаннан ТМД елдеріне газ экспорты 6 пайызға азайған.





