Қазақстанда 18-21 жас аралығындағы 19 мыңға жуық жас микронесиесін төлей алмай отыр.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, бұл азаматтардың қарызы микроқаржы ұйымдары алдында 90 күннен асып кеткен. Ел бойынша осы жастағы 136 мыңнан астам жас микронесие алған, оның 13,7%-ы мерзімінен кешіктіріп жүр.
2024 жылдан бастап несие нарығында шектеулер күшейді. 90 күндік қарызы бар азаматтарға жаңа несие беруге тыйым салынды, онлайн рәсімдеу биометриялық сәйкестендіру арқылы ғана жасалады. Сонымен қатар әскери қызметшілерге төлемді кейінге шегеру жеңілдігі қарастырылды, ал пайыздық мөлшерлеме 56%-дан 46%-ға төмендеді.
Биылғы тамыздан бастап тағы да қатаң талап енгізілді: банкте 30 күннен, МҚҰ-да 1 күннен астам кешіктірілген қарызы барларға жаңа несие берілмейді. Үш жыл ішінде есептен шығарылған қарызы бар азаматтар да несие рәсімдей алмайды.
Болашақта 20 жасқа толмағандарға несие беру кезінде тек ресми табыс ескеріледі.





