Қазақстанда 5 жылдан астам уақыт бойы несиесін өтемей жүрген азаматтар саны 500 мыңнан асқан.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін шамамен 70 мың адам ғана өзін банкрот деп жариялау мүмкіндігін пайдаланған.
Алайда көптеген азаматтар бұл тетікке жүгінбей отыр. Бұған басты себеп – банкрот деп танылған тұлғалардың 5 жыл бойы несие ала алмауы.
Сонымен қатар соттан тыс банкроттық рәсіміне қойылатын талаптар да шектеу болып отыр. Атап айтқанда, азаматтың мүлкі болмауы және табысы екі ең төменгі жалақыдан аспауы тиіс. Көп жағдайда борышкерлер бұл талаптарға сәйкес келмейді.
Агенттік төрағасының айтуынша, қазіргі таңда 5 жылдан астам уақыт бойы қарызын өтемеген азаматтарға қатысты бұл талаптарды жеңілдету мәселесі қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ соңғы жылдары әдейі банкрот болуға әрекеттенгендерге қатысты жауапкершілік күшейтілген. 2024-2025 жылдары мұндай фактілер бойынша 120 әкімшілік және 40-тан астам қылмыстық іс қозғалған.





