
2025 жылғы 25 маусымда Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «БиЭнКей коммерциялық банкі» АҚ-қа банк операцияларын жүргізуге ресми лицензия берді. Бұл елімізде 2010 жылдан бері алғаш рет берілген банктік лицензия болып отыр.
Жаңа қаржы институты – Оңтүстік Кореяның BNK Financial Group Inc. құрамына кіреді. Холдингтің активтері 103 млрд АҚШ долларынан асады, ал құрамында Busan Bank пен Kyongnam Bank секілді беделді банктер және инвестициялық ұйымдар бар.
Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова лицензияны BNK Capital Төрағасы Ким Сонг Джу мырзаға салтанатты түрде табыс етті. Оның айтуынша, жаңа ойыншының келуі банк секторындағы бәсекелестікті арттырып, шағын және орта бизнеске (ШОК) қолжетімді қаржыландырудың өсуіне ықпал етеді.
«БиЭнКей» банкі цифрлық сервистерді, автокредиттеу мен ШОК-ты қаржыландыру бағытында жұмыс істемек. Банк бұрын «BNK Finance Kazakhstan» микроқаржы ұйымы ретінде жұмыс істеген. Ол 2024 жылы екінші деңгейлі банкке қайта құрылып, лицензия алуға мүмкіндік алды.
Банкке берілген лицензия заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, шоттар ашуға және жүргізуге, кассалық және аударым операцияларын, кредит беру мен валюта айырбастау операцияларын жүзеге асыруға құқық береді. Жеке тұлғалармен жұмыс істеуге банк депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қосылғаннан кейін рұқсат етіледі.
Қайта құрылу сәтінде банктің активтері 25,8 млрд теңгені, ал кредиттік портфелі 21,8 млрд теңгені құрады. Ол 2024 жылдың қорытындысы бойынша микроқаржы ұйымдары арасында активтері бойынша 15-орында болған.
Даму жоспары үш кезеңнен тұрады:
-
Нарыққа тиімді шығу және цифрлық банкинг жүйесін қалыптастыру.
-
Өнім портфелін кеңейту, автолизинг пен цифрлық өнімдерді дамыту.
-
ШОК-қа бағдарланған банк имиджін қалыптастыру және ТМД нарығына шығу.
Бұл лицензия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы Жолдауында айтылған банк секторында бәсекелестікті арттыру тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отыр.