
Қазақстанда жеке кәсіпкерлерге (ЖК) кәсібін дамыту мақсатында несие алу тәртібі жеңілдетілді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған жаңа қаулыға сәйкес, бұдан былай ЖК ретінде тіркелген азаматтар бизнеске арналған кез келген көлемдегі несиені жұбайының келісімінсіз рәсімдей алады.
Бұған дейін елімізде 1000 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын несие алу үшін (2025 жылы бұл – 3 932 000 теңге) азаматтар жұбайының нотариалды келісімін ұсынуы тиіс болатын. Ал жеке кәсіпкерлерге бұл шектеу 2700 АЕК-ке дейін (10 616 400 теңге) жеңілдетілген еді. Алайда аталған шектен асқан жағдайда, олар да жұбайының келісімін алуына тура келетін.
Жаңа өзгеріс не береді?
Енді бұл талап жеке кәсіпкерлік мақсатында несие рәсімдейтіндер үшін алынып тасталды. Яғни, ЖК ретінде бизнес жүргізіп отырған азаматтар кез келген сомаға несие алуға құқылы, әрі ол үшін жұбайының рұқсаты талап етілмейді.
Айта кетейік, бұл өзгеріс тек кәсіпкерлік мақсаттағы несиелерге қатысты. Егер несие жеке мақсаттарға (мысалы, көлік, тұрғын үй немесе жеке тұтыну үшін) алынса, бұрынғы тәртіп сақталады – 1000 АЕК-тен жоғары сомадағы несие үшін жұбайының келісімі қажет.
Бұл өзгеріс кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін арттырып, несие алу рәсімдерін жеңілдету мақсатында енгізіліп отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл қадам шағын және орта бизнеске қосымша серпін береді.