AFSA — Қазақстандық тәуелсіз реттеуші, оның реттеу аясына банк ісі, сақтандыру, капитал нарықтары, исламдық қаржыландыру, қаржылық технологиялар және қосалқы қызметтер саласындағы қаржылық және нарықтық қызметтер кіреді.
AFSA шешімі Binance Kazakhstan-ды «Қазақстандағы цифрлық активтер саудасы үшін толық реттелетін алғашқы платформа болуға бір қадам жақындатады», деп атап өтті криптобиржа.
Ресми криптолицензияны алғаннан кейін, Binance Kazakhstan виртуалды активтермен кеңейтілген сауда жүргізу, оларды сақтау қызметтерін ұсыну және инвестициялық мәмілелерге қатысу үшін платформаны қолдана алады.
«Біз толық лицензия алуды асыға күтеміз және Қазақстандағы клиенттерімізге қызмет көрсетуді жалғастыруға, сондай-ақ жергілікті цифрлық активтер экожүйесінің дамуына үлес қосуға үміттіміз», — деді Binance-тің аймақтық нарықтар жөніндегі директоры Вишал Сачендран.
AFSA-дан келісім алу үшін Binance Kazakhstan барлық қажетті талаптарды орындаған, соның ішінде ішкі және сыртқы аудит тексерістерінен өткен.
«Бұл жетістік Binance-тің сенімділік, қауіпсіздік және нормативтік талаптарға сәйкестіктің ең жоғары стандарттарын сақтауға деген адалдығының дәлелі болып табылады», — делінген компания хабарламасында.Binance Қазақстан аумағында жергілікті цифрлық активтер платформасын іске қосатынын 2023 жылғы маусым айында хабарлады. Сол кезде ол АХҚО-да цифрлық активтер платформасын басқару және кастодиалдық қызметтер көрсету бойынша AFSA-дан лицензия алған болатын.
Қазіргі уақытта платформада фиат арналар және комиссиясыз банктік арналар қолжетімді. Сонымен қатар, 2024 жылғы мамырда платформа спот сауда үшін 101 жаңа токенді листингке енгізуге рұқсат алды.
"Бұл елдегі реттелетін криптовалюта биржалары арасындағы ең кең таңдау болып табылады", деп мәлімдеген еді Binance Kazakhstan-ның комплаенс және ақшаны жылыстатуға қарсы күрес және есеп беру бөлімінің басшысы Әсел Мырзабекова.Дегенмен, Қазақстан аумағында қолданыстағы реттеуші талаптарға сәйкес, кейбір өнімдер мен қызметтер толық лицензияның болмауына байланысты Binance Kazakhstan қолданушылары үшін қолжетімсіз немесе шектеулі еді. Енді лицензия алса, бұл қызметтер ұсыныла бастайды.
Айта кетейік, Қазақстанда Binance-тен басқа, CaspianEx, Neyco, Swiftex.io, Bigone Investment, Biteeu, ATAIX, Delta DA, Upbit, Xignal&MT, Top Line Limited және Bybit криптобиржалары да лицензия алған.