Қазақстанда бір тұрғынның банк алдындағы орташа қарызы 2,14 млн теңгені құрайды.
Бұл туралы «Қара аққу» телеграм-арнасы хабарлады. Арнаның мәліметінше, 2026 жылдың басында елде 16-62 жас аралығындағы 11,75 млн еңбекке жарамды азамат тіркелген.
Сарапшылардың есебіне сәйкес:
– тұтынушылық несие бойынша бір адамның орташа қарызы – 1,439 млн теңге;
– ипотекалық қарыз – 604,4 мың теңге.
Бұл тұтынушылық қарыз көлемі шамамен 4,4 медиандық жалақыға тең екені айтылды.
Ресми статистика бойынша, 2025 жылы қарыз алушылар саны 7 млн адамға жеткен. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті елдегі жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша мәлімет жариялаған еді.
Ведомство дерегінше:
– шамамен 65 мың азамат банкрот деп танылған;
– олар бойынша 132 млрд теңгеге жуық қарыз есептен шығарылуы тиіс;
– сот арқылы банкрот болғандар саны 632 адамды құрайды.
Жалпы алғанда, екі рәсім бойынша 66,6 мың адам банкрот деп танылып, шамамен 250 млрд теңге қарызды есептен шығару жоспарланып отыр.





