Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

ҚазМұнайГаз: Германияға мұнай экспорты биыл 1,7 млн тоннаға жетеді

ҚазМұнайГаз: Германияға мұнай экспорты биыл 1,7 млн тоннаға жетеді

Қазақстан 2025 жылдың соңына дейін Германияға 1,7 миллион тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов еуразиялық KAZENERGY форумында мәлімдеді.

«Қазақстан жыл аяғына дейін Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы 1,7 млн тонна мұнай жеткізеді», – деді Хасенов.

Оның айтуынша, 2026 жылы да Германияға кем дегенде осынша көлемде мұнай тасымалданбақ. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 1,5 миллион тонна болған.

Бұған дейін ҚазМұнайГаз Германияға 2025 жылы 1,5 млн тонна мұнай экспорттауды жоспарлағанын хабарлаған. Кейін бұл көлем 2 миллион тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін екені айтылған болатын. Бұл туралы сол кездегі ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те мәлімдеген еді. Алайда не себепті бастапқы жоспар орындалмағаны әзірге белгісіз.

«Достық» құбыры және транзиттік қауіптер

Германияға мұнай «Достық» құбыры арқылы жеткізіледі. Бұл құбыр КСРО кезінде салынған және оның екі негізгі тармағы бар: оңтүстік тармағы Венгрия, Словакия және Чехияға, солтүстік тармағы Польша мен Германияға мұнай тасымалдайды. Құбыр Украина аумағы арқылы да өтеді, бұл оның тұрақты жұмыс істеуіне қауіп төндіреді.

Бұған дейін «Достық» құбыры украин аумағындағы шабуылдарға байланысты бірнеше рет уақытша тоқтап қалғаны хабарланған.

2024 жылы Reuters агенттігі Германияның Қазақстаннан осы құбыр арқылы 1,5 млн тонна мұнай сатып алғанын жазған. Ал 2025 жылдың басында Каспий құбыр желісі консорциумына (КҚК) жеті дронмен жасалған шабуылдан кейін Ресейдегі бір айдау станциясы екі айға істен шыққан.

Қазақстан мүддесі

Қазақстан үшін «Достық» құбырының тоқтаусыз жұмыс істеуі аса маңызды. Себебі бұл – еліміздің еуропалық нарыққа шығуына мүмкіндік беретін негізгі инфрақұрылымның бірі. Мұнай экспортындағы әртүрлі бағыттардың тиімділігі мен сенімділігі Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Ұқсас материалдар