Кәсіпкерлерге арналған жаңа салық ережелері: хабарлама беру мерзімі аяқталуға жақын
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді.
Құжатқа сәйкес арнаулы салық режимдерінің саны жетіден үшке дейін қысқартылды. Осыған байланысты кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық режимін таңдау туралы хабарлама беруі тиіс.
Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндірді.
Комитеттің Арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шыңбергентің айтуынша, жаңа Салық кодексі аясында үш арнаулы салық режимі ғана сақталған:
-
оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі;
-
өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі;
-
шаруа және фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі.
Осы режимді қолдануды жоспарлап отырған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынуы қажет.
Белгіленген мерзімде хабарлама берілмесе, кәсіпкер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне ауыстырылады.
Хабарламаны:
-
Салық төлеушінің кабинеті арқылы;
-
E-Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы;
-
қағаз нұсқада салық органдары арқылы;
-
банктердің мобильді қосымшалары арқылы (қазіргі уақытта Kaspi Bank қосымшасында қолжетімді) беруге болады.
2026 жылғы 1 наурыздан бастап 2025 жылы патент негізіндегі АСР немесе арнайы мобильді қосымша арқылы АСР қолданған азаматтар жеке кәсіпкер ретінде автоматты түрде есептен шығарылады. Есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі. Алайда салық төлеушінің есептен өз еркімен шығу туралы өтініш беру құқығы сақталады.
Егер кәсіпкер 1 наурызға дейін өзге салық режимін таңдап, хабарлама тапсырса, автоматты есептен шығару жүргізілмейді.
Шаруа және фермер қожалықтары үшін АСРШаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режиміне көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін автоматты түрде жүзеге асырылады және хабарлама тапсыру талап етілмейді.





