ҚР Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлады баспасөз қызметі.
Инфляция Ұлттық Банктің болжамына сай
Осы жылғы шілдеде инфляция аздап өсті. Дегенмен, ол Ұлттық Банктің болжамы аясында қалыптасты. Айлық инфляция мен оның орнықты бөлігі едәуір қарқын алды. Халықтың инфляциялық күтулері маусым айында өскеннен кейін өзгеріссіз қалды. Дамыған елдердегі орталық банктердің тежеу саясаты нәтижесінде жаһандық инфляция баяулап келеді. Фискалдық ынталандыру көлемінің өсуі, тұрғын-үй коммуналдық қызметтерінің (ТКҚ) реформасы аясында тарифтер өсуінің жалғасуы, орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ жоғары инфляциялық күтулер есебінен экономикада проинфляциялық қысым күшейді.
Ортамерзімді келешекте инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұруды талап етеді. Тәуекелдер теңгерімі проинфляциялық жаққа ауып, 2024 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлемені бүгінгідей деңгейде сақтау ықтималдығын арттыруға себепші болып тұр.
Жылдық инфляция 2024 жылғы шілдеде 8,6%-ға дейін өсіп, Ұлттық Банктің болжамы шегінде қалыптасты. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру аясында реттелетін қызметтер бағасы өсіп келеді. Нарықтық қызметтер құнының айтарлықтай өсуі, өңдеу өнеркәсібіндегі өндірушілер бағасының өсуі және айырбастау бағамының әлсіреуі есебінен инфляция қарқын алды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының төмендеу динамикасы баяулады.
Айлық инфляция шілдеде орташа тарихи мәнінен (0,3%) едәуір жоғары қалыптасып, 0,7%-ға дейін өсті. Өткен айларда біршама тұрақтанған маусымдық факторлар ескерілмеген және базалық инфляцияның көрсеткіштері аздап жеделдеп, экономикада жалпы проинфляциялық қысымның өскенін көрсетті.
Халықтың инфляциялық күтулері шілдеде өзгеріссіз қалды. Респонденттер азық-түлік өнімдерінің, дәрі-дәрмек пен ТКҚ тарифтерінің қымбаттағанын жиі атап өтті. Инфляциялық күтулер тұрақсыз болып қалуда.
Жаһандық инфляция баяулады
Жаһандық инфляция жетекші орталық банктердің тежеуші ақша-кредит саясатының әсерінен баяулап келеді. Азық-түліктің әлемдік бағасы жылдық мәнде төмендей түсті. Алайда, оның қарқыны баяу. Шілдеде астық бағасы солтүстік жартышардағы ұсыныстың маусымдық өсуі мен күн райының қолайлы болуына байланысты мол өнім алуға қатысты күтулердің жақсаруы нәтижесінде төмендеу үрдісін жалғастырды. Астық бағасы біртіндеп төмендейді деп күтілуде.
Сыртқы ақша-кредит шарттары әзірге қатаң болып қалуда, бірақ орталық банктердің риторикасы жұмсара бастады. Атап айтқанда, АҚШ ФРЖ инфляциямен күрестегі жетістіктерін атай отырып, жуық арада мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі барын айтты. 2025 жылы да жалпы инфляцияның нысаналы көрсеткіштен жоғары болып қалуы мүмкін болғандықтан, маусымда мөлшерлемелерді төмендеткен ЕОБ қатаң ақша-кредит шарттарын әзірге сақтауды жоспарлауда. РФ ОБ шілдеде мөлшерлемені 18%-ға дейін 200 базистік тармаққа көтерді. Сонымен қатар, инфляцияны мақсатқа қайтару үшін бұрын болжанғаннан әлдеқайда қатаң ақша-кредит шарттарының ұзақ уақыт бойы талап етілетінін атап өтті.
Теңге бағамының әлсіреуінен, инфляцияның қазіргі қарқынынан және тұтынушылық кредиттер өсімінің әлі де жоғары жылдық көрсеткіштері есебінен ішкі ақша-кредит шарттары жұмсарды.
Мұнай бағасы өсе ме?
Болжамның базалық сценарийінде Brent маркалы мұнай бағасы 2024 жылы орта есеппен 1 баррель үшін 84,5 АҚШ доллары деңгейінде тұрақтанады деп күтіледі. Бұған ОПЕК+ мұнай өндірісін қысқартуды ұзартуы, АҚШ-тағы өндіру көлемінің бірқалыпты өсуі және Таяу Шығыстағы геосаяси белгісіздік негіз болды. Ортамерзімді перспективада мұнай өндірісінің өсуін және әлемдік экономиканың даму болжамдарын ескере отырып, мұнай бағасының
2025 жылы орта есеппен 82,5 АҚШ долларына дейін және 2026 жылы орта есеппен 77,5 АҚШ долларына дейін біртіндеп төмендеуі күтіледі.
2024-2025 жылдарға арналған инфляция болжамы тиісінше 7,5-9,5% және 5,5-7,5% аралығында сақталды. 2026 жылы инфляция 5-7% деңгейінде күтіледі. Ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу 2026 жылы базалық инфляцияның 5%-ға дейін баяулауына ықпал ететін болады. Сонымен қатар инфляция болжамындағы белгісіздік пен тәуекелдер салықтың жиналмауынан фискалдық ынталандырудың өсуіне және ауқымды мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына байланысты. Сонымен қатар инфляция болжамының тәуекелдеріне – ішкі сұраныс тарапынан қысымның күшеюі, инфляциялық күтулердің тұрақты болмауы және сыртқы инфляцияның жеделдеуі жатады. 2024 жылы және 2025 жылдан кейін республикалық бюджеттің кірісі мен шығысы арасындағы едәуір айырмашылықты жабу тәсілдері мен механизмдеріне қатысты белгісіздік жоғары тәуекел болып қалады. Салықтың жиналмауынан фискалдық импульстің одан әрі өсуі Ұлттық Банктің инфляция бойынша болжамдарының қайта қаралуына себеп болуы мүмкін.
Биыл Қазақстан экономикасы қаншалықты өседі?
2024 жылға Қазақстан экономикасының өсу болжамы 3,5-4,5% деңгейінде,
2026 жылға – 4,9-5,9% деңгейінде сақталды. 2025 жылға болжам 5-6%-ға дейін біраз көтерілді. 2024-2026 жылдары ЖІӨ-нің өсуі негізінен ішкі сұраныс есебінен, оның ішінде фискалдық ынталандырудың өсуі аясында қамтамасыз етілетін болады. 2025 және 2026 жылдары экономиканың өсуіне өндірістің ұлғаюы нәтижесінде мұнай секторы да қолдау көрсететін болады. Ұлттық Банктің бағалаулары бойынша, болжамды кезең ішінде экономика сұраныстың ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түсетін кеңеюі жағдайында өсетін болады. Бұл проинфляциялық қысым көрсететін болады.
Ортамерзімді келешекте инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт бойы ұстап тұруды талап етеді. Тәуекелдер теңгерімі проинфляциялық жаққа ауып, 2024 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде сақтаудың жоғары ықтималдығына себепші болуда.
Айта кетейік, Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімді 11 қазанда Астана уақытымен сағат 12:00-де жариялайды.