Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалды

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтап қалды

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/-1 п.т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады.

Реттеуші бұл деңгейді жыл соңына дейін сақтамақ.

Шешім жаңартылған макроэкономикалық болжамдарға және инфляциялық тәуекелдердің жалпы балансына негізделген. Ұлттық банктің мәліметінше, инфляция болжамы қайта қаралып, 2025 жылы 12-13%, 2026 жылы 9,5-12,5% деңгейінде күтіледі. 2027 жылы инфляция 5,5-7,5%-ға дейін баяулауы мүмкін.

Болжамдардың өзгеруіне биылғы инфляцияның жоспарланған деңгейден айтарлықтай жоғары болуы, инфляциялық күтулердің өсуі және реттелетін бағалардың қайта қаралуы әсер еткен. Сонымен қатар, 2026 жылға арналған болжамдардың аралығы кеңейген. Бұл салық реформасының ықпалы мен сұраныс реакциясына байланысты белгісіздіктің күшеюін көрсетеді.

Экономикалық өсім бойынша да түзетулер жасалды:

  • 2025 жылы ЖІӨ өсімі 6-6,5% болады деп күтіледі;
  • 2026 жылы – 3,5-4,5%;
  • 2027 жылы – 4-5%.

Ұлттық банк жоғары инфляциялық күтулерді ескере отырып, мөлшерлемені 2026 жылдың бірінші жартысына дейін төмендету мүмкін емес екенін мәлімдеді. Инфляция тұрақты түрде баяуламаған жағдайда монетарлық шарттар қатаңдатылуы мүмкін.

Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 2026 жылғы 23 қаңтарда жарияланады. Еске салсақ, қазан айында Ұлттық банк мөлшерлемені 16,5%-дан 18%-ға дейін көтерген еді.

Ұқсас материалдар